Halyq Uni логотип
×

Су тасқынынан қырылған мал иелеріне өтемақы төленеді

Соңғы деректер бойынша 8,1 мың бас мал суға кеткен

 Дастан Жұмабекұлы 10.04.2024 | 12:35
Су тасқынынан қырылған мал иелеріне өтемақы төленеді
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыс әкімдіктерімен бірігіп, су тасқыны салдарынан шығынды барынша азайту бойынша қабылданған шараларының нәтижесінде 88 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге шығарылды.

Соңғы дерекке сүйенсек, 8,1 мың бас мал суға кеткен. Оның ішінде 6 мың ұсақ мал, 1,5 мың ірі қара, 514 бас жылқы бар. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында малдың өлексесін жойып жатыр.

Бүгінде 4,1 мың бас малдың өлексесі жойылды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жұмыс күшейтілген режимде жалғасатын болады.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі әзірленіп, бекітілді.

Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссиялар құрылды.

Су тасқыны салдарынан қырылған малдардың иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Ал меншік иелеріне өтемақы Ұлттық статистика бюросы жариялаған талапқа сай беріледі.

Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы эпизоотиялық жағдай, сондай-ақ малдардың иелеріне келтірілген шығынды өтеу мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су басқан өңірлерден шамамен 30 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді. Тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін екенін ескеріп, бұл жұмыс әлі де жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама