×

Атырауда 11 адамды алдаған алаяқтар сотталды

Олар пәтерді жалға береміз деп жәбірленушілердің ақшаларын алып отырған

 Дастан Жұмабекұлы 10.04.2024 | 11:44
Фото: halyq-uni.kz

Атырау қаласында 11 адамды алдаған алаяқтарға сот үкімі шықты.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Атырау облысында полицияға алаяқтарға алданғанын айтқан адамдардың арызы бойынша күдіктілер ұсталып, сотталды.

Жәбірленушілердің айтуынша, белгісіз адам қазіргі заманға сай салынған тұрғын үйлерден пәтерлерді жалға беремін деп алдап, ақшасын иемденіп кеткен.

Алаяқтар алдымен жарнамалық веб-сайтта адамды қызықтыру  үшін пәтердің интерьерін әдемі фотосуреттерімен жарнамалаған. Содан кейін олар пәтерге қызыққан адамдарға шартты соманы алдын ала төлеуді ұсынған. Сөйтіп, екеуі төлем жасалғаннан кейін бірден хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып отырған. Олар қылмыс кезінде жаңа нөмірлерді қолданған.

Жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері 28 және 34 жастағы екі ер адамды ұстаған. Күдіктілердің жеке басын анықтау кезінде екеуі де бұрын сотталған БҚО азаматтары болып шықты.

Екі күдіктінің біріне сот үкімімен 4 жыл 6 ай, екіншісіне 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама