Чемпионатта сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген спортшылар бақ сынайды
Сәуірдің 14-19 аралығында Шымкентте ересектер арасында тұңғыш Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Чемпионатты Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, Жамбы ату федерациясының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясы ұйымдастырып жатыр.
Чемпионатта сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген 60 спортшы 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стилдері) бойынша жарысқа түседі.
Қатысушы мемлекеттер: Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан.
Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:
Федерация көрермендерді ұлттық спортқа тарту мақсатында жарысқа келген қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұтыс ойындарын ұйымдастырады. Көрермен тек жарысқа келсе болғаны. Шымкент қалалық ипподромға (Алматы тасжолы, 21/24) келген жандарға билет беріліп, 5 күн бойы жарыс арасындағы үзілістерде бағалы сыйлықтар ойнатылады. Билеттер тегін беріледі. Басты сыйлық – бағалы смартфондар.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, 14 сәуірде сағат 10:00-де Азиялық жамбы ату федерациясының конференциясы өтеді. Онда сары құрлықтың 10-нан аса федерациясы Азиялық федерацияның мүшелігіне кіреді және алдағы нақты жоспарлар бекітіледі. Конференцияның модераторы – федерация президенті Еркебұлан Ілиясов.
Осы күні кешкі сағат 17:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
15 сәуірде мажар стилі, 16 сәуірде азия стилі, 17 сәуірде түркі стилі, 18 сәуірде жамбы стилі бойынша жарыс болады. Соңғы жарыс күні «Тайтұяқ» жүлдесі үшін жеңімпаздар мен жүлдегерлер сынға түседі. Сондай-ақ марапаттау рәсімі болады. Ал 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.
Байланыс үшін: