×

«Түнімен ұйықтамадық»: СҚО-дағы жағдай күрт нашарлап кетті

Жағдайдың қашан тұрақталатынын ешкім білмейді, дейді тұрғындар

 Халық үні 10.04.2024 | 07:35
фото: Астана телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай ушығып кетті – су деңгейінің көтерілуі Есіл ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындарына қауіп төндірді. Ауыл тұрғындары су тасқынына қалай дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, 9 сәуірде су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан елді мекендерде алдын ала эвакуациялау жұмыстары басталғаны хабарланды. Бір жарым мың адам тұратын Покровкада тұрғындар шұғыл түрде үйін тастап, эвакуацияланды.

Ауыл тұрғындарының бірі жақында үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізгенін, үйінен ауырылу қаупі төніп тұрғанын айтты. Алайда қазір ол үйінен мүлдем айырылуы мүмкін.

Түнімен ұйықтамадық. Көршілерімізбен кезекшілікте болдық. Таңертеңгі сағат төртте су келді, дәретхананың жанын дейін. Бір сағаттан кейін су менің үйімнің қасында болды. Біз заттарды жинай бастадық, балаларды эвакуациямен жібердік, жиһазды көтердік. Барынша дайындалдық, - деп бөлісті Инга Тодоровская.

Жағдайдың қашан тұрақталатынын ешкім білмейді, дейді тұрғындар. Ауыл тұрғындары Покровкада ондаған жылдар бойы тұрып жатыр. Бұрын-соңды мұндай апатты көрмедік, дейді үлкендер.

Покровский ауылдық округінің әкімі Бибігүл Ермекбай ендігі басты міндет халықтың қауіпсіздігін сақтау екенін айтады. Жалғызбасты зейнеткерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Оның сөзінше, малдарды да аман алып қалуға тырысуда.

Малдарды эвакуациялап жатырмыз. Тұрғындар өз күштерімен эвакуацияланып жатыр. Біз эвакуация пунктін белгіледік – жоғары ауылшаруашылық колледжі – жатақхана. Ол жерде бізде 200-ден астам төсек бар, оны халықты қамтамасыз ете аламыз.

Бізде мал-жануарлар үшін белгіленген жер – шаруа қожалығының аумағы бар, ол бізге техника, мал тасымалдайтын жүк көлігін берді, малдар кеше түнде эвакуацияланды, - деді Ермекбай.

Тілшілер Покровкада бір тәулікте су деңгейі бір метрден астам көтеріліп, 56 үйді су басқанын хабарлады.

Елді мекенді премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аралады. Олар ауыл тұрғындарын халыққа келтірілген шығын толығымен өтеледі деп сендірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама