Ораза айт – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айт намазын оқу кестесін жариялады.
Астана және Шымкент қалаларында айт намазы 10 сәуірде сағат таңғы 7.00-де, ал Алматы қаласында сағат таңғы 6.30-да оқылады.
Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, қайырымдылықтың мерекесі саналады.
Ораза айт мерекесін мұсылмандар алғаш рет хижраның екінші жылы – 624 жылы атап өткен. «Айт» сөзі – жыл сайын қайта келетін мейрам, мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту деген мағынаны білдіреді. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» деген сөз бекер айтылмаса керек.
2024 жылғы Ораза айты намазының кестесі. Графика: ҚМДБ ресми сайты
Ораза айт намазы
Шариғи мейрамдар жамағатпен оқылатын арнайы намазбен басталады. Бұл намаз «айт намазы» деп аталады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде, яғни күн шыққаннан кейін 45 минут өткен соң мешіттерде оқылады.
Айт намазына ғұсыл алып, әтір себініп, киімнің ең жақсысын киіп, үйден құрма жеп шығады. Мешітке жаяу барып, жаяу қайтады. Үйге басқа жолмен оралады.
Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады.