×

Мемлекет басшысы халыққа алғыс айтты

Зардап шеккен барлық азаматтың бүкіл шығыны өтеледі

 Дастан Жұмабекұлы 09.04.2024 | 18:12
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. ризашылығын білдірді.

Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат болған кезден бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады.

Менің тапсырмам бойынша премьер-министр бастаған республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен барлық азаматқа қажетті көмек көрсетілуде. Олардың бүкіл шығындары өтеледі. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайтынын жуырда отандастарыма арналған үндеуімде айттым. Апатқа қарсы күрес жалғасуда.

Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын, – деді президент.

Соңғы мәліметке қарағанда, су тасқынынан құтқарылғандардың саны 90 мыңға жуықтады.

Табиғи апатқа қарсы 23 мың адам жұмылдырылды.

9 сәуірдегі 16:00-дегі жағдай бойынша Азаматтық қорғау қызметі 88 мыңға жуық адамды құтқарды. Оның 30 мыңы – бала. Қазір уақытша орналастыру пунктерінде 7 мыңнан аса адам бар. Оның 3 700-і – бала. 4 800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 бас мал қауіпсіз жерге айдалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама