«Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарып жатыр
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сыр өңірінде «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарып жатыр. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады. Соңғы екі жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен 2 млрд 153 млн теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынды. Қаланың аумағы күннен-күнге ұлғайып жатыр. Осыған байланысты қоқыс полигонына шығарылатын тұрмыстық және қатты қалдықтардың көлемі де артты. Тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіліп жатыр.
Жалпы, мекеме тарапынан 400 ден астам көшеге тазалау жүргізіліп жатыр. Қыс мезгілінде қардан тазалау, жаяу жүргіншілер жолдарын ашу, жаз айларында көше бойларындағы арам шөптерді жұлу және сыпыру, көшелерге екі мезгіл су себу шаралары атқарылып жатыр.
Облыс әкімінің қолдауымен мекеме жұмысшылары қоғамдық көліктерде тегін жүріп, жылына бір рет еліміздің аумағындағы санаторийлерге тегін жолдама алады.
«Қызылорда Тазалығы» МКК 2023 жылдың қаңтарында қайта құрылды. Қазір мекемеде 578 адам еңбек етіп жатыр. Жұмысшылардың көпшілігі санитарлық тазалық жұмыстарына жұмылдырылады.
Күнделікті полигонға жеткізілетін қоқыстың көлемі – 780 текше метр.
Өткен жылы кәсіпорын көпқабатты 11 тұрғын үйді жаңғыртудан өткізді. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуге енгізілді.