×

Ұлттық спорт қауымдастығы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын талқылады

Спортшылар мен төрешілер құрамын дайындауға баса көңіл бөлінуі керек

 Динара Амантай 09.04.2024 | 17:48
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Ұлттық спорт қауымдастығының кеңейтілген жиыны барысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, спортшылардың және жарыстар өтетін Астана қаласындағы  инфрақұрылымдық нысандарының дайындық деңгейі және ұлттық спорт түрлері бойынша федерациялар қызметінің жалпы мәселелері қаралды.

Жиынға Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, 5-ші ДКО өткізу жөніндегі қалалық штабтың басшысы Ерлан Каналимов, Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, ДКО-на дайындық дирекциясының басшылығы, сондай-ақ республикалық федерациялардың басшылары, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік және бас жаттықтырушылар қатысты.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұлттық құрама спортшылары мен төрешілер құрамын дайындауға баса көңіл бөлінуі керек екенін атап өтті.

Қауымдастық Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен бірлесіп Астанада ДКО-на төрелік ететін төрешілердің санын анықтау, оларды дайындау және сертификаттау жұмысын қолға алады. Бұл қазақстандық төрешілерге халықаралық дәреже алуға мүмкіндік береді. Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына төрелік ету үшін 360-қа жуық маман жұмылдырылады. Сонымен қатар, Қауымдастық құрамына кіретін ұлттық спорттың әрбір түрі бойынша жарыстарды сапалы өткізу мақсатында ұйымдастыру топтары құрылады, - деді қауымдастық басшысы.

Өз кезегінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

Ұлттық спортымыз еліміздің брендіне айналды. Қазір елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 11 спорт ресми тіркелді. 2023 жылы спортшыларымыз халықаралық жарыстарда 39 – алтын, 24 – күміс, 18 қола медальға ие болды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 619 мың адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады, - деді вице-министр.

Дүбірлі доданы өткізуге елордадағы нысандардың дайындығы туралы 5-ші ДКО өткізу жөніндегі қалалық штаб басшысы Ерлан Каналимов баяндады. Оның айтуынша, ойындарды өткізу үшін 8 нысан анықталып, олардың үшеуіне қатысты жолдарды қайта жаңарту, салу, қауіпсіздік мәселелерін реттеу, абаттандыру, қаланы тақырыптық безендіру сияқты бағыттар бойынша жұмыстар басталды.

Тұран даңғылымен қосылатын ипподром мен этноауыл арасында логистиканы ұйымдастыру үшін тиісті инфрақұрылымы бар ұзындығы 2 шақырым болатын 4 жолақты жол салу және қаланың магистральдық көшелерін жөндеу орташа жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибені ескере отырып, кептелісті болдырмау үшін ойындар өтетін 8 нысанға қатынайтын 100 шаттл-басс іске қосу көзделіп отыр, – деді қалалық штаб басшысы.

Сондай-ақ, жиын барысында Ұлттық спорт қауымдастығына кіретін барлық спорт федерацияларының басшылары мен жаттықтырушылар 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, 2024 жылғы жоспарларымен бөлісті. Олар әр спорт түрі бойынша ұлттық құраманың 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Еске сала кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялары бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама