×

Алматыда 2 күн бойы нөсер жаңбыр жауады

Жүргізушілерге көлікті жолдың шетіне қоймауға кеңес берілді

 Дәурен Ерболат 09.04.2024 | 17:14
Фото: zakon.kz

Алматыда алдағы күндері нөсер жаңбыр жауады, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бүгін қалада кешкі сағат 16:00-ден 20:00-ге дейін жауын-шашын болады.

320 жұмысшы мен 96 арнайы техниканың күшімен судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін арық желілеріне, өткелдеріне және қоқысқа арналған «ойық жерге» тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Жауын-шашын кезінде су басуды болдырмау және проблемалық учаскелерде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін шанц құралымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады. 2 мыңнан аса қап құм дайындалды. Күндіз 465 арнайы техника, 29 мотопомпа және 820 жол жұмысшысы жұмылдырылады, - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік ауа райының бұзылуына байланысты жүргізушілерге ағаштардың құлау және электр желілерінің үзілу қаупіне байланысты автокөлікті жол жиегіне қоймауға кеңес берді.

Су тасқынын болдырмау үшін қала тұрғындары арық пен каналға қоқыс толтырмауы керек.

Қандай да бір аумақты су басса, жедел шара қолдану үшін аудан әкімдіктеріне хабарласуға немесе +7 706 689 8898 What’s app нөміріне жазуға болады.

«Қазгидромет» РМК дерегінше, ертең де Алматы қаласында жаңбыр жауады, күндіз ауа температурасы +17, +19 градус болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама