Су тасқынынан құтқарылғандардың саны 90 мыңға жуықтады
Табиғи апатқа қарсы 23 мың адам жұмылдырылған
Бүгінде елімізде құтқарушылар 88 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
9 сәуірдегі 16:00-дегі жағдай бойынша Азаматтық қорғау қызметі 88 мыңға жуық адамды құтқарды. Оның 30 мыңы – бала. Қазір уақытша орналастыру пунктерінде 7 мыңнан аса адам бар. Оның 3 700-і – бала. 4 800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 бас мал қауіпсіз жерге айдалды, - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір апаттық-құтқару жұмыстарына 23 мыңнан аса адам, 2 500-ге жуық техника, 448 су сору техникасы және 131 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылған.
Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің 525 маманы мен 100-ге жуық техникасы Алматы қаласынан Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарына, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Астана қаласындағы №58665 әскери бөлімі Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді, - деді аға офицер.
Бүгінде ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8 млн-нан аса текше метр еріген қар суы сорылған, сондай-ақ 1 млн 200 мыңға жуық қапшық, 1 млн тоннадан асатын инертті материал төселген.
Ақтөбе, Қостанай облыстарына Қырғыз Республикасының гуманитарлық көмегі келіп жетті. Қалған жүк көліктері Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына бара жатыр, - деді Ерасыл Сайпаш.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи апаттан 85 мың адамды эвакуациялағанын хабарлаған болатын.