×

Құлсарыдан 31 мыңнан аса адам көшірілді

Жылыой ауданында апаттық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 09.04.2024 | 14:43
Фото: instagram.com/ze_kulsary/

Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында 2 680 нысанды су басып кетті. Осыған байланысты құрылған арнайы комиссиялар нысандарды аралап жүр.

Қазір Құлсары қаласына 231 техника мен 18 қайық, 19 су тарту құралы жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдары дамбаларды соғу, бөгеттерді көтеру, қапшықтарға құм толтыру жұмыстарымен айналысуда. Қаладан көшпеген жергілікті халық та қапшықтарды топырақпен толтырып, шама-шарқынша суды тоқтатуға әрекет етіп жатыр.

Осының нәтижесінде Құлсары қаласының 7-шағын ауданындағы 302 тұрғын үй, 7 әкімшілік ғимарат, 6 білім беру нысаны, 1 жеке емхана, 25 кәсіпкерлік нысанды су басуға жол берілмеді. Бұл туралы Атырау облысы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов хабарлады. 

Құлсары қаласынан барлығы 31 009 адам көшірілді. Маңғыстау облысына 20 821 адам, Теңіз вахташылар қалашығына 7 445, Атырау қаласы мен облыстың басқа аудандарына туыстарына 2 743 адам көшірілген. Құлсары қаласының өзінде ашылған уақытша орналастыру пунктерінде 274 адам бар, – деді ол.

Оның айтуынша, Жылыой ауданына 203 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Су тасқыны басталғалы бері тәулігіне 41, жалпы есеппен 125 хабарлама түсті. 179 адам құтқарылды. Үй жануарлары, хайуанаттар да қауіпсіз жерге көшірілді.

Апаттық-құтқару жұмыстары тұрмыс-тіршілік қалпына келгенше жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама