Шымкентте көгалдандыру және абаттандыру науқаны басталды

Динара Амантай

Бүгінде мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар

Фото: Шымкент қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастау жөніндегі тапсырмасы бойынша, Шымкент тұрғындары өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кірісті.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады. Биыл сәуірдің басында қалада «жасыл белдеу»аумағы белсенді түрде ұлғайтылып жатыр. Мегаполистің көптеген аудандарында қазірдің өзінде миллиондаған қызғалдақтар гүлдеп жатыр. Қазір мегаполистің бес ауданында бес жеке фирма көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мақсатта әр ауданда аудан көлеміне және жұмыс көлеміне байланысты күнделікті санитарлық жұмыстарға 200-ден 300-ге дейін адам және бірнеше ондаған техника жұмылдырылған. Мысалы, қалалық әуежайдың жаңа терминалы орналасқан көшеде, 9 шақырым қашықтықта, қырым қарағайы, терек, қара өрік, сәндік тұт, арша көшеттері отырғызылды.

Биылғы көктемде Шымкентте сәндік және жеміс ағаштарының 120 мыңнан астам көшеттерін және орман алқаптарында тағы 20 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жұмысшылар барлық жерде биік шөптерді қырқып, көгалдар отырғызады. Сонымен қатар, пайдаланылмаған және қажетсіз ауылшаруашылық жерлеріне жүздеген, мыңдаған жеміс ағаштары үлкен көлемде отырғызылады.

Әкімдік мамандарының айтуынша, болашақта барлық жаңа жасыл желектер тек салқындық беріп қана қоймайды, олар бірінші кезекте егінді толықтырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешетін болады. Осылайша, Шымкентте жеміс ағаштарын отырғызу есебінен жыл сайын «жасыл белдеу» аумағы да ұлғаяды. Ол өз ауқымы бойынша 8 мың гектардан асады. Қазір қала үшін микроклиматтың қалыптасуы – маңызды мәселелердің бірі. Шымкент әкімдігінің және қала тұрғындарының басты мақсаты – мегаполисті тезірек «Жасыл қала» жасау. Сондықтан жыл сайын кешенді шаралар қолданылып, барлық суару жүйелері мен жасыл желектерге зерттеулер жүргізіледі.

Айта кетсек, Шымкентте қаланың жасыл желектерін күтіп ұстау, жаңа ағаштар отырғызу, мезгіл-мезгіл азықтандыру, суару, кесу, әктеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп жатыр.