Зардап шеккен отбасыларға жалпы 64 млн теңге төленген
Ақтөбе облысында табиғи апаттан 1 мың үйге зақым келді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Су тасқынынан өңірде 1 087 тұрғын үй, 47 ғимарат пен құрылыс, 232 аула, 852 саяжай зақымданған. Су тасқынына қарсы күреске 720 маман, 185 техника, 11 қайық, 8 су сорғыш жұмылдырылды, - деді Асылбек Есенбаев ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен 206 адамға 64 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленген.
Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға 2 пункт ашылды. Барлығы 300 тоннаға жуық тауар жиналды. Оның 235 тоннасы көмекке мұқтаж тұрғындарға таратылды. Бұл жұмысқа 8 500 волонтер атсалысып жатыр. Бүгін түнде Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келді, - деді әкімнің орынбасары.
Сөз соңында ол су тасқыны салдарынан келген материалдық шығынның есептеліп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі табиғи апат кезінде бүлінген үйлердің орындарына қандай баспана салынатынын айтқан еді.