×

Жыл соңына дейін балабақшаларда 77 мыңнан астам жаңа орын ашылады

Орындарды бөлу процесінің ашықтығы үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылды

 Динара Амантай 09.04.2024 | 12:23
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Биылдың өзінде балабақшаларда 77 мыңнан астам орын ашылады деп жоспарланған. Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының айтуынша, 2024 жылдың үш айында 8 мың 849 орынға арналған 125 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Жаңа орындар ашу – мектепке дейінгі ұйымдарды салу, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы шағын орталықтар желісін кеңейту, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы көзделіп отыр. Соңғы бес жылда балабақшаға жолдама алудың кезектілігі 2 есе төмендетілді. Бүгінде 2-6 жастағы балаларды қамту 91% болды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Манар Адамова.

Сонымен қатар, балабақшаларда орындарды бөлу процесінің ашықтығы үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылды. Өтінішті электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың платформалары арқылы беру сияқты бірнеше тәсілдермен іске асыру мүмкіндіктері іске қосылды.

Қазір жоба еліміздің 4 өңірінде жүргізіліп жатыр.

Жалпы, елімізде 11 мың 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 миллионға жуық бала қамтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама