×

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 186 мың теңгеден төленді

28 ауыл жарықсыз қалған

 Дәурен Ерболат 09.04.2024 | 11:52
Фото: ТЖМ

Бүгін Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 186 мың теңгеден бөлінген. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлемді төлеу басталғанын атап өтті.

Бүгінде 50 АЕК (186 600 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 587 отбасыға, жалпы 107,3 млн теңге бөлінді, - деді Арман Әбенов ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталған.

Су қоймаларында суды ағызуды біртіндеп төмендете бастадық. Мысалы, Қаратомар су қоймасында соңғы тәулікте су ағызу секундына 1 мың текше метрге дейін азайды, секундына 200 текше метр болды. Сондай-ақ Жоғары Тобыл, Желқуар су қоймасы бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ өзендердегі судың деңгейі төмендеген.

Соңғы тәулікте Тобыл өзенінің бас жағындағы 71 см-ге, Әйет өзенінде 91 см-ге төмендеді. Қарасу ауданындағы Тінтуір, Құндызды және Қарасу өзендерінде су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 см-ге дейін көтерілді. Облыстың оңтүстігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың деңгейі әлі де жоғары, - деді ол.

Арман Әбенов қазір 28 елді мекеннің жарықсыз отырғанын жеткізді.

Бүгінде электр бағандары суда қалған. Оларды қалпына келтіру жұмыстары қиынға соғып жатыр. Су кеткеннен кейін жұмысы жалғасады. Су тасқыны кезінде 24 автожолда қозғалыс шектелген, ал 9 жолдағы қозғалыс қалпына келтірілді, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Сөз соңында ол облыста арнайы құрылған комиссия келтірілген залалды есептеп жатқанын, жұмыс аяқталған соң барлық зардап шеккен тұрғынға өтемақы толық төтелетінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама