Жалпы, еліміздегі су тасқыны бойынша 7 облыста 3,5 мыңға жуық үй су астында қалған
Ақтөбе облысы мен Қостанай қаласына Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келіп жетті. Ақтөбе облысында гуманитарлық көмекті Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов бастаған ведомствоның өкілдері күтіп алды.
Қалған фуралар Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына бара жатыр.
Бастамашыл гуманитарлық жүкті Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Урматбек Шамырқанов бастап жүреді.
Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізілген гуманитарлық көмектің көлемі – 272 тонна. Онда азық-түлік, киім-кешек, палаткалар мен тұрмысқа қажетті басқа да заттар бар.
Қазір қолда бар дерекке қарағанда, Ақмола, Ақтөбе облыстарында тасқынның қауіпті кезеңі аяқталды. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты. Оның айтуынша, Ақмола мен Ақтөбе облыстарындағы ірі су қоймалары шамамен 99 пайыз толған.
Бұл өңірлерде су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды. Шығыс Қазақстандағы су қоймалары 62% толып отыр. ШҚО-да осы аптада тасқын болуы мүмкін. Батыс Қазақстандағы су қоймалары да шамамен 65% толды. Барлық су қоймасы штатты режимде жұмыс істеп тұр, – деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысына келсек, өңірде тасқынға қарсы іс-шараларға 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған.
Премьер-министр Олжас Бектенов Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қала мен жақын маңдағы елді мекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексеріп шықты.
Петропавл қаласына Қарағанды мен Павлодар облыстарының құтқарушылары барды.
Қостанай облысында жағдай тұрақталып келеді. Облыста бүгінге дейін тасқыннан зардап шеккен 587 отбасыға 107 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілді.
Жалпы, еліміздегі су тасқыны бойынша 7 облыста 3,5 мыңға жуық үй су астында қалған.
Тасқын басталғалы бері 76 мыңнан астам адам құтқарылды. Уақытша орналастыру орындарында 7 703 адам бар.