9 өңірде су тасып жатыр
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Қазақстандағы су тасқынынан қанша адам құтқарылғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша азаматтық қорғау қызметі 85 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Оның ішінде 30 мыңға жуық бала бар. Қазір уақытша орналастыру пунктерінде 8 349 адам отыр. Оның 3 809-ы – бала, - деді аға офицер ОКҚ-да өткен брифингте.
Ерасыл Сайпаш ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8 млн-нан аса текше метр еріген қар суы сорылғанын, 1 мыңнан аса қапшық пен 1 мың тонна инертті материал төселгенін атап өтті.
Апаттық-құтқару жұмысына 16 мыңнан астам адам және 2 500-ге жуық техника жұмылдырылды. Еліміздің 9 өңірінде (Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жергілікті ауқымдағы 29 төтенше жағдай жарияланды, - деді ол.
ТЖМ өкілі жедел желі телефондарына 1 129 қоңырау түскенін жеткізді.
Шұғыл психологиялық көмек 76 адамға көрсетілді. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр, - деді аға офицер.
Сонымен қатар, ол 8 сәуірде Ақтөбе облысына Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келгенін, оны ТЖМ өкілдері күтіп алғанын айтты.
Айта кетейік, кеше СІМ еліміздегі су тасқынына байланысты әзірге сырттан гуманитарлық көмек керек емес екенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ бүгін премьер-министр Олжас Бектеновтың Солтүстік Қазақстанға барғаны белгілі болды.