×

Су тасқынына қарсы күреске 20 мыңға жуық білім беру қызметкері еріктілер ретінде тартылады

Қашықтан оқу үшін балалар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілген

 Динара Амантай 08.04.2024 | 17:30
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы 3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пунктеріне орналастырылды. Бұл туралы брифингте Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Амангелдіқызы айтты.

Оның айтуныша, бүгінде оларға психологиялық қызметтердің жұмысы ұйымдастырылған. Қашықтан оқу үшін балалар қажетті оқу құралдары және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Ең көп зардап шеккен аймақтардан келген оқушыларға балалар сауықтыру орталықтарына жолдамалар бөлінді. Ақмола облысының «Жасдәурен» лагеріне 80-нен астам бала барады. Бұдан бөлек, оқушылар Республикалық маңызы бар инновациялық мектеп-лицейлердің жатақханаларында орналастырылады.

Маңғыстау облысының қосымша 28 білім беру ұйымы Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайды. Су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлерде барлығы 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пунктері болып белгіленді. 20 мыңға жуық білім беру қызметкері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысады. Олардың 10 мыңнан астамы эвакуация пункттерінде. Салалық келісімге сәйкес ТЖ қолданылу кезеңінде білім беру қызметкерлерінің жалақысын есептеу ТЖ енгізілгенге дейін белгіленген мөлшерде жүргізіледі, – деді спикер.

Сонымен қатар мұғалімдерді қолдау мәселесі пысықталып жатыр. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтерді аттестаттаудан өту күндері неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама