×

Ақтөбелік зейнеткер туған қаласын төтенше жағдайдан шығаруға көмектесті

Тәжірибелі маман жастарға жауапты жұмыстың қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөліспек

 Динара Амантай 08.04.2024 | 12:52
Фото: видеодан скриншот

Шыңғыстау Әбдиев – 36 жыл бойы Ақтөбе су қоймасында техник-механик мамандығы бойынша кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген. Былтыр желтоқсанда зейнетке шыққан. Аймақта су тасқыны басталған кезде оның кәсібилігі мен тәжірибесі төтенше жағдайды шешуге және қаланы су тасқынынан құтқаруға көмектесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін су тасқыны кезінде «Қазсушардың» мамандары бөгетте бір ғана шлюзді ашып келген. Ал бөгетте әрқайсысы секундына 600 текше метр су өткізе алатын 5 шлюз бар. Биыл 28 наурызда секундына 1 мың текше метрге дейін су жіберу туралы шешім қабылданып, екінші шлюзді ашу керек болды. Ол үшін порталды кранды жылжыту қажеттігі туындады. Салмағы 126 тонна кран тартатын рельстермен қозғалады.

Бұрын-соңды бұл кранды қолданбағандықтан, мамандар оны жүргізе бастағанда тежегіші дұрыс істемей, рельстерге кептетіліп қалды. Біз үшін әр минут қымбат болды. Себебі су мөлшері сағат сайын артып бара жатты. Ал біз кранды іске қоса алмай жатырмыз. Осы кезде бұрын кранды ұзақ жүргізген, бізге көмектесе алатын маман іздедік. Осылайша, Шыңғыстау Қибашұлына өтінішпен шықтық. Бірден келіскен ол жарты сағаттың ішінде мәселені шешіп берді. Кранға өзі отырып, екінші шлюзді ашты. Соның арқасында уақытында судың қажетті мөлшерін жіберіп, Ақтөбе су қоймасының тасып кетуінің алдын алдық, – деді Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» басшысы Ринат Шауенов.

«Осында бірнеше жыл жұмыс істегелі судың осындай қатты қарқынмен келгенін бірінші рет көріп тұрмын. Су қоймасы 12 сағаттың ішінде толып болды. Әлі есімде, 1993 жылы секундына 1 250 текше метр су келсе, бұл жолы секундына 1 700 текше метр су келіп жатты. Бар болғаны 2-3 сағаттың ішінде суды жылдам ағызып жіберуге тура келді. Олай болмағанда, Ақтөбені су алатын еді. Абырой болғанда, барлығын дер кезінде реттедік», – деп атап өтті Шыңғыстау Қибашұлы.

Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» басшылығы Шыңғыстау Қибашұлына қайтадан жұмысқа қосылуды ұсынды. Осылайша, ол 29 наурыздан бастап қайтадан кран машинисі қызметіне кірісті. Тәжірибелі маман жастарға жауапты жұмыстың қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөліспек.

Бүгінде Шыңғыстау Қибашұлының 3 ұлының бірі су шаруашылығы саласында жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама