Қазір ел экономикасында жерасты сулары 7-10% пайдаланылып жатыр
Үкімет «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметін құру туралы қаулыға қол қойды.
Коммерциялық емес акционерлік қоғамның негізгі қызметі – жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландыру, гидрогеология саласында деректер базасын және тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді құру. Сонымен қатар жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалана отырып, цифрлық және картографиялық деректер базасын жасап, басқару, деп хабарлады astanatv.kz.
Үкіметтің қаулысына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қаржы министрлігі Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің жарғысын бекітеді.
Ұйымды әділет органдарында тіркеу, мемлекеттік тіркеу, қаржы-шаруашылық қызметті іске асыру және ұйымның мүддесін үшінші тұлғалар алдында ұсынып, құжаттарға қол қою үшін тұлғаны таңдауға тиіс.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазір ел экономикасында жерасты суларын пайдалану үлесі – 7-10%. Бұл ресурстар ауызсумен жабдықтау, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін пайдаланылады. Құрылып жатқан ұлттық гидрогеологиялық қызмет елдің жерасты су ресурстарын барлау мен қорғауды қамтамасыз етуге арналған.