Астананы су басу қаупі жоқ – Үкімет
Олжас Бектенов елорда контрреттегішінің жағдайын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен ағымдағы су тасқыны жағдайын тексерді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Астана арқылы тасқын суларды өткізуге және ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар, Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайын бақылады. Астаналық контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метр екендігі баяндалды. Контрреттегішке келіп жатқан ағын – секундына 248 текше метр. Бүгінде контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша, ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда, Астана қаласын су басу қаупі жоқ.
Олжас Бектеновке Астана су қоймасындағы жағдай баяндалды. Суды ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде іске асырылады. Су қоймасының көлемі – 409 млн текше метр. Преображенский торабында су ағыны шарықтау шегіне жетті. Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайып келеді: қазір секундына 1 мың 400 текше метр өтіп жатыр.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмыстары аяқталып келеді. Биыл қолданыстағы 2 мың 400 метрлік бөгетке ұзындығы 1 мың 200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет тұрғызылды.
Жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.