Келесі аптаның басында ШҚО-ның су қоймаларында тасқын болуы мүмкін
Ертіс өзені бойынша су ағыны күтіледі
Су ресурстары және ирригация министрлігі республикадағы су қоймаларының қазіргі жағдайы бойынша ақпаратты жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Қостанай облысының Қаратомар су қоймасынан секундына 3 250 текше метр су жіберіліп жатыр. Су қоймасы 99% толып, транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Бұл ретте су жіберу көлемі ұлғаюы мүмкін. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Қазір министрлік пен әкімдік қызметкерлері су жіберу бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 3 820 текше метр су жіберіледі. Петропавл су қоймасынан секундына 73 текше метр су жіберіледі. Екі су қоймасы да 100% толы. Облыста су тасқыны жалғасып жатыр. Қазір осы облысқа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов барып, оның су өткізуді реттеу жұмысын жеке қадағалап жүргені атап өтілді.
Ақмола облысындағы Астана су қоймасы транзиттік режимге көшті. Қазір секундына 400 текше метр су жіберіледі және тура сол көлемде су келіп жатыр. Ақмола облысының Сілеті су қоймасынан секундына 150 текше метр су жіберіледі. Нысан 99,4% толды.
Батыс Қазақстан облысында әлі күнге дейін Шаған өзені деңгейінің көтерілуі байқалады. Мұнда секундына 680 текше метр су жіберіліп жатыр. Деркөл өзені бойынша су деңгейі төмендеді. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтіледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ресейлік әріптестерімен алмасып жатқан деректеріне сүйенсек, бүгінде Ириклин су торабынан секундына 1 680 текше метр су жіберіледі. Ең жоғарғы белгі 4 сәуірде секундына 2 600 текше метр болған.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің мамандарымен бірге Жайық өзенінің арнасын тазарту және су басуды азайту үшін кептелістің алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазір Ақтөбе облысының су қоймасында жағдай тұрақты. Нысан 97% толы, секундына 50 текше метр су жіберілуде. Қарғалы су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Су қабылдау және өткізу көлемі – секундына 350 текше метр.
Келесі аптаның басында Шығыс Қазақстан облысының су қоймаларында су тасқыны болады деп күтіледі. Бұқтырма су қоймасына күтілетін орташа ағын – 1 780 000-2 720 000 текше метр. Шүлбі су қоймасында – 2 380 000-3 730 000 текше метр.
Ертіс өзені бойынша су ағыны күтіледі, сондықтан Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында әкімдіктер мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері су өткізу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шараларды атқарып жатыр.
Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының шарықтау кезеңі өтті. Су қоймалары транзиттік режимге көшті.
Бүгінде негізгі күш-жігер өзендердің ағынын реттеу және тасқын суын өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су шаруашылығы жағдайына сағат сайын мониторинг жүргізіледі. Су қоймаларынан су жіберу жөніндегі деректер әкімдіктерге және оперштабқа сағат сайын беріледі.
Су қоймалары арқылы өзендердің ағынын реттеу нәтижесінде Қарағанды облысындағы су қоймаларынан төмен орналасқан елді мекендерді су басу қаупі барынша азайды.