×

Ауыр атлеттеріміз тарихта алғаш рет Олимпиадаға қатыса алмайды

1996 жылдан бері барлық Олимпиадаға қатысқан еді...

 Еркеғали Болатұлы 07.04.2024 | 18:18
фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына қатыспайды.

Пхукетте (Таиланд) өтіп жатқан ауыр атлетикадан лицензиялық әлем кубогында екі қазақстандық cпортшы – Сергей Петрович пен Айнұр Әбдіқалықова Олимпиада жолдамасы үшін бақ сынады, - деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясы.

Сергей Петрович (89 келі) жарысқа С тобында қатысты. Ол жұлқа көтеруде 167, серпе көтеруде 196 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 363 келіні еңсерді. Бұл көрсеткішпен Петрович 6-орынға жайғасты.

Ал Айнұр Әбдіқалықова 49 келіге дейінгі олимпиадалық салмақта өнер көрсетіп, С тобында 5-орынға табан тіреді. Ол жұлқа көтеруде 72, серпе көтеруде 88 келіні, қоссайыс қорытындысында 160 келіні бағындырды.

Осылайша, қазақстандық ауыр атлеттер Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иелене алмады. Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы Ауыр атлетикадан 1996 жылдан бері барлық Олимпиадаға қатысқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама