Олжас Бектенов: ең басты міндет – тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Қостанай және Тобыл қалаларына іргелес аумақтарды су басуы мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов қазіргі кезде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отырған Қостанай облысында жүр.
Үкімет басшысы су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б. Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді. Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді. Бұл ретте судың келуі оны өткізу көлемінен асып түседі. Жақын арада, болжам бойынша, еріген қар суының және жоғарғы жақтан келетін судың есебінен су деңгейі тағы да ұлғаяды деп күтіледі. Қостанай және Тобыл қалаларына іргелес аумақтарды су басуы мүмкін.
Олжас Бектенов басты міндет тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Премьер-министр жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін жасалып жатқан шаралармен танысты.
Өңірде еріген қар суын өткізу мақсатында Қостанай қаласындағы кіші көпір ауданында жұмыс істемейтін жол төсемі ашылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар дайындалуда, топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарасу және Тобыл өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.
Өңірде су тасқыны кезеңі басталғаннан бері барлығы 3 мың 257 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Уақытша орналастыру пункттеріне 632 адам орналастырылған, ал қалғандары өз еркімен туыстары мен жақындарының үйіне баруға шешім қабылдады. Қосымша эвакуациялау және уақытша орналастыру пункттері толық дайындық режимінде.
Жағдай – тұрақты бақылауда.