×

Құлсарыдан 15 мыңнан аса адам эвакуацияланды

Қанат Бозымбаев Атырау облысында ТЖ жою жөніндегі жұмысты үйлестіреді

 Динара Амантай 06.04.2024 | 16:04
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев қазір Атырау облысында жүр.

Вице-премьер Ақтөбе облысымен шекара аумағын тікұшақпен айналып өтті. Жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді. Кеше оның бұзылуы салдарынан Құлсары қаласының екінші және үшінші учаскелері, сондай-ақ «Жадырасын-2», «Болашақ», «Вахталық кент» шағын аудандары, «Қарағай» елді мекені су астында қалды. 

6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталып отыр. Екі елді мекенге көлікпен қатынау мүмкін емес.

Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалып, 5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 мың 632 адам шығарылды. Халықты эвакуациялау жалғасып жатыр.

Қазір жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Топырақ толтырылған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді. 5 сәуірде Каспий теңізіне қарай су өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, тағы бір рет мұз жару жоспарланған.

Әкімдік пен күштік құрылымдардың 600-ге жуық қызметкері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.

5 елді мекенде – Миялы, Жангелдин, Көздіқара ауылдық округтері, Аққора, Жасқайрат ауылдарында қауіп-қатер сейілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама