Магомед Адиев – «Ахмат» футбол клубының бас жаттықтырушысы
Бапкер Қазақстан ұлттық құрамасындағы қызметін бірге атқарады
Футболдан ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев РФ Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласының «Ахмат» клубының бас бапкері болып тағайындалды. Ол Ахмат Ромащенконы алмастырды.
Бұл мәлімет ресейлік клубтың сайтында шықты.
Бүгін, 5 сәуірде «Ахмат» футбол клубының жалпыкомандалық жиыны болды. Осы кездесуде клубтың президенті Магомед Даудов команданың жаңа бас жаттықтырушысы – Магомед Адиевті таныстырды, – делінген материалда.
Магомед Адиев 1977 жылы Грозный қаласында туған. Әр жылдары Ресейдің «Ингушетия», «Анжи», ЦСКА, «Сокол», «Спартак-2» (Мәскеу), «Терек», «Нижни» Новгород» клубтарында ойнаған. Одан кейін Астананың «Жеңіс» пен Украинаның «Кривбасс» командасында доп теуіп, 2010 жылдан бері жаттықтырушылық қызметпен айналыса бастады.
Ол Қазақстан құрамасын 2022 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама Еуропа чемпионатына жолдама беретін Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шықты.
«Ахмат» клубы Грозный қаласындағы «Ахмат арена» стадионында ойнайды. Клубтың өз академиясы бар. Ол Рамзан деп аталады.