Оған 25 елден 200 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр
12-14 сәуір аралығында елімізде тұңғыш рет сурдодзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Әлемдік дода Түркістан қаласында Қазақстан сурдодзюдо федерациясы мен Сурдлимпиада комитетінің ұйымдастыруымен жалауын көтереді.
Оған 25 елден 200 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Елімізде алғаш рет жалпы сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты өткізілейін деп отыр. Бұл – тарихи оқиға. Ол – біз үшін үлкен жауапкерлішік. Есту қабілеті зақымданған спортшыларды қолдаудың ең бір жақсы белгісі осы болар. Қазір елімізде дзюдо спорты жақсы дамып келеді. Соның ішінде сурдо дзюдомен айналысатындардың саны да аз емес.
Бүгін сурдо дзюдодан ұлттық құрамамызда ел намысын қорғап жүрген спортшылар да өзінің спорттық жолын бала кезінде қарапайым дзюдодан бастаған. Спортшыларымыздың ештеңеге қарамастан мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі бізді әрдайым жігерлендіреді, тәнті етеді, – деді Қазақстан сурдо дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Мұқаш.
Оның айтуынша, Түркістан татамиінде сурдлимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары бас қосады. Мұндай ірі әлемдік жарыс еліміздегі сурдлимпиадалық спорт түрлерінің даму қарқынын жаңа сатыға көтереді.
Айта кетерлігі, сурдодзюдодан әлем чемпионаты Түркістан қаласындағы Olympic centre спорт кешенінде өтеді.