Қарамырза кентінің 90-нан аса тұрғыны эвакуацияланды
Қостанай облысында бір ауыл түгел қауіпсіз жерге көшірілді. Нақтырақ айтқанда, облыстың полицейлері құтқарушыларға Қарасу ауданындағы Қарамырза кентінің тұрғындарын эвакуациялауға көмектесті. Олардың арасында балалар, әйелдер және мүгедектер бар.
Ауылдың 90-нан аса тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір олардың өміріне қауіп жоқ. Өз бетінше қозғала алмайтын тұрғындарды полицейлер түрлі құралдарды пайдалана отырып, көтеріп алып шықты, – деп хабарлады polisia.kz.
Қарасу ауданы полиция бөлімінің бастығы Руслан Төлеубаевтың айтуынша, ер адамдар су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесуге қалған.
Қараусыз қалған үйлер жергілікті полицияның бақылауына алынды.