Кәсіпорындарға мемлекеттен ынталандыру ретінде 179 млн-нан аса теңге төленді
Қаңтар-наурыз айларында 130 өтінім түскен
Биылғы қаңтар-наурыз айларында QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындардың 179,7 млн теңгеге шығындарының бір бөлігін өтеді. Осы уақыт аралығында орталыққа кәсіпорындардан мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін 130 өтінім түскен, деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Атап айтқанда, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеуге 83 өтінім түсіп, бұл бағыт бойынша өтелген қаржы сомасы 176,9 млн теңге болған. Өтінімдердің басым бөлігі Қарағанды облысының (25) және Астана қаласының (13) кәсіпорындарынан түскен. Салалық бөліністе бұл – агроөнеркәсіптік кешен (тамақ және сусындар өндірісі) және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар. Тауарлар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету бағыты бойынша 47 өтінім түскен. Оларды қараудың нәтижесінде өтелген қаражаттың жалпы сомасы 2,8 млн теңге болды, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, QazIndustry-де шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінімдерді қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру тетіктерін түсіндіру мақсатында QazIndustry өкілдері телефон арқылы консультациялар беріп, Ашық есік күндерін өткізеді. Сондай-ақ мамандар кәсіпорындарға бару арқылы және түрлі бейінді форумдар мен конференцияларда өз қызметтерін таныстырады.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты qazindustry.gov.kz ресми сайтынан немесе аптаның әр бейсенбісінде QazIndustry кеңсесінде өткізілетін Ашық есік күніне қатысу арқылы білуге болады.