×

Су тасқыны жағдайы туралы соңғы ақпарат шықты

Жеті облыста 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді

 Дастан Жұмабекұлы 05.04.2024 | 11:35
Фото: gov.kz/Төтенше жағдайлар министрлігі

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қазір аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде су тасқынының салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен апаттық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелері жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіру жалғасуда.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 596 жеке тұрғын үй мен 334 ауланың су астында қалу қаупі бар. 1 143 үй мен 1 013 аула аумағынан еріген қар суы сорылды. 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. 55 мың мал айдалды. Тікұшақпен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланды.  Уақытша орналасу пункттерінде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар. 6,6 млн м3 (өткен тәулікте 0,43 мың м3) еріген қар суы сорылды. 785 мың қап (өткен тәулікте 57 мың)  пен 946 мың тонна инертті материал (өткен тәулікте 4,5 мың тонна) төселді. «Жедел желі» телефонына 835 қоңырау түсті, – делінген хабарламада.

Су шайған 88 автожол, оның ішінде 4 көпір мен 84 жол төсемі, су жүрген 123 автожол бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорларын құрған 74 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы, Айыртау, Тайынша, Тимирязев, Есіл, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ашық аумақтан еріген қар суын бұру мен халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар егістіктерден еріген судың көп мөлшерде келуіне байланысты Тайынша ауданының Красная поляна ауылында 6 жеке тұрғын үйді су басып, тұрғындары ішінара қауіпсіз жерге көшірілді.

Ақмола облысында егістіктерден Атбасар қаласының арық жүйесіне судың көп мөлшерде келуіне байланысты жеке тұрғын үйлердің 7 аула аумағы су астында қалды. Еріген суды бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Целиноград ауданы Талапкер ауылының бойымен өтетін жасанды каналдың бір бөлігінің шеті жырылып, жырылу қалпына келтірілді, 26 жеке тұрғын үйдің ашық учаскелері мен су басқан аула аумақтарынан еріген қар суын айдау жұмыстары жүргізілуде. 

Ақтөбе облысында еріген қар суының келуіне және Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгетінің суға толуына байланысты оның бөгетінің бір шеті жырылды. Бесқоспа, Қызылту ауылдары және Алға ауданының Табантал қыстағы – ықтимал су басу аймағында. 215 адам, оның ішінде 96 бала Бесқоспа ауылының орта мектебіне және туыстарының үйлеріне эвакуацияланды. Мал қауіпсіз жерге айдалды. Табантал өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған су қоймасынан су ағызылады.

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында Қарашығанақ және Димитрово кенттерінен Жарсуа кентіндегі орта мектеп базасындағы эвакуациялау пунктіне мүмкіндігі шектеулі 25 адам алдын ала эвакуацияланды. Бұл елді мекендер Жайық өзенінің бойында орналасқан.

Қостанай облысында Қарасу өзенінде су деңгейінің көтерілу және Қарасу ауданының Қарамырза ауылында су басу қаупіне байланысты Қарасу ауылында 108 адам алдын ала көшірілді. Науырзым ауданының Буревестник ауылындағы егістіктерден еріген судың мол мөлшерде келуіне байланысты 7 жеке тұрғын үйдің аула аумағы су астында қалды. Тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Судың өтуі үшін жол төсемі ашылды. Су деңгейі азайып, жағдай тұрақталды. Эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.

Павлодар облысында Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында 18 жеке тұрғын үйді су басқаны анықталды. Үйдегі су толықтай сорылды. Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына медициналық көмекке мұқтаж 38 адам, оның ішінде 24 бала жүзу құралдарымен жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар қардың қарқынды еруіне және еріген судың даладан келуіне байланысты Ағашорын ауылын су басу қаупі туындады. Суды бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың шетіндегі шаруашылық құрылыстарын су басу фактілері тіркелді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардан 9 мыңнан астам адам, 2,2 мың техника, 613 су айдау құралы және 96 қайық, 11 тікұшақ жұмылдырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама