«Мың айдан да қайырлы»: Қадір түнінің қасиеті неде?
Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді.
Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн. Бұл туралы ҚМДБ ресми сайты Muftyat.kz хабарлады
«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан алынған мағлұматтар бойынша Қадір түні жайлы Алла Тағала Құранда: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» , – деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған.
Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадір түні мың айдан да қайырлы».
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», – делінген.
Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады».
Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы», – десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!», – деген.
Қадір түні Рамазанның қай түні екендігі жайлы екі риуаят бар: Соңғы он күннің тақ түндері. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер» деген хадис жеткізген. Ал Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер» деген риуаят бар.
Жиырма жетінші түн: Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер» деген.
Убай ибн Кағб қадір түні жайлы былай дейді: «Аллаға серт! Расында мен ол түннің қай уақыт екенін білемін. Білуімше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнін құлшылықпен өткізуге әмір еткен түн – ол жиырма жетінші түн».
Абдулла бин Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткен тағы бір хадисте былай делінеді: «Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қарт келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен ауру қартпын, маған түнде құлшылық ету ауыр тиеді. Маған бір түнді көрсетіп беріңіз, Алла Тағала қадір түніне сай келуіне жар болғай», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жетінші (27) түні тұр», – деп жауап береді.
«Бұл түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек», - делінген қасиетті түн туралы мағлұматта.