3 жылға арналған инфляцияның болжамы жарияланды
Сауалнамға 11 ұйым қатысты
Сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесі жарияланды, деп хабарлады Ұлттық банк.
Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлардың және қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы сауалнаманың негізгі параметрлері болды.
Биыл сәуірде мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары көп өзгеріске ұшырамады. Респонденттердің медиандық күтулері бойынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі орташа есеппен 81 доллар, 2025 және 2026 жылдары 80 доллар деңгейінде қалыптасады.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты. 2024-2025 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5%-5% деңгейінде сақталып отыр. 2026 жылға арналған болжам 4,5%-дан 4,7%-ға дейін біршама өсті. 2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжам көп өзгермеді: 8,4% (алдыңғы болжам – 8,5%). 2025 жылға арналған болжам 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2026 жылға болжам 5,7%-дан 6%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралды.
Сондай-ақ сарапшылар барлық болжамды кезеңде базалық мөлшерлемені жоғарырақ деңгейде күтеді.
2024 жылға арналған күтулер 13,8%-дан 14%-ға дейін, 2025 жылға 10,5%-дан 11,2%-ға дейін, 2026 жылға 9%-дан 9,8%-ға өсті.
Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық банк болжамдары кірмейді. Онда нарықтың кәсіби қатысушыларының ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуына қатысты дербес пікірлеріне, бағалаулары мен күтулеріне шолу жасалған.