×

Блогерлердің жауапкершілігін арттыратын заң күшіне енеді: нені білу керек?

Қазақстанда енді блогерлер мен инфлюнсерлер әлеуметтік желідегі жазбасы үшін жауапты болады

 Айнұр Шошаева 26.02.2024 | 17:39
көрнекі фото: Halyq Uni

Биыл 2 наурыздан бастап Қазақстанда Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң күшіне енеді. Бұдан былай блогерлер мен инфлюнсерлер әлеуметтік желідегі жазбасы үшін жауапты болады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталған заңның ережесіне сәйкес, жазба иелері онлайн жарнаманы белгілеуге тиіс. Айта кетейік, бұл заң ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланушыларға қолданылады. Егер олардың контентінде белгілі өнімге немесе науқанға қатысты жарнама болса, оны таңбалау қажет. Заңда мәтіндік форматта таңбалау анық көрінуі немесе дыбысталуы туралы талап бар. Сонымен қатар таргет жарнамасы онлайн-платформаларда белгіленуі керек. Ал таңбалаудың өзі жарнама немесе жарнамалық материал, серіктестік материал, демеушілік материал, демеуші тарапынан мен сөздерден тұрады. Егер жарнама мессенджерлерде болса, сондай-ақ әлеуметтік жарнама болса, таңбалау қажет емес. Бұған қоса, таңбалау талабын сақтамағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Саяси коммуникациялар маманы Айгүл Ешмағамбетованың пікірінше, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік көп елде қолданылатын тәжірибе.

Әлеуметтік желілердегі жауапкершілік – бейне немесе фотоны заңсыз басу сияқты жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Жалпы айтсақ, әлеуметтік желілер қоғам өмірінде соңғы 10-15 жылда белсенді пайда болды. Сондықтан қазіргі күні әр мемлекет өз білгенінше заң шығарып, әлеуметтік желілердегі қарым-қанытасты реттеуге тырысып жатыр. Мысалы, елімізде соңғы 5-6 жылда қазақстандықтардың онлайн өмірдегі тәртібін бақылауға кірісті. 100 пайыз шештік деуге келмес, өйткені ешбір мемлекет әлеуметтік желілерді тұтас бақылауға алып, дұрыс немесе бұрыс әрекетін қадағалап отыра алмайды. Ол мүмкін емес. Бірақ әрекетсіз отырған жоқ, біртіндеп заңдарды қабылдап жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ аталған заңның Қазақстан қоғамы үшін маңызын атап өтті.

«Бұл заңдар қоғамның және әлеуметтік желілердің өзгеруіне қарай, белгілі бір уақыттан соң түзету енгізіліп, өзгертілуі мүмкін. Өйткені технологиялар күн сайын емес, сағат сайын дамып жатыр. Желілердің қарапайым халыққа беретін мүмкіндіктері де күн сайын артып келеді. Қоғамда түрлі адам бар, бірі сауатты, енді бірі психикалық дертке ұшыраған болуы мүмкін. Сондай-ақ сырттан елімізге ірткі салу үшін жіберілген адам болуы мүмкін ғой. 20 млн халықтың ішінде аласы да, құласы да болады. Мемлекет соны заң аясында реттеудің алғышартын жасап жатыр. Алайда заңмен әлеуметтік желілерде тәртіп орнатамыз деп сөз бостандығы мен азаматтардың конституциялық құқықтарына шектеу қоймау керек», - деді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама