Бөгеттің бұзылуынан Ырғыз өзені арнасынан асып кетті
Ақтөбе облысының прокуратурасы Әйтеке би ауданындағы бөгеттің бұзылу дерегіне қатысты қылмыстық істі тіркеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 30 наурызда Әйтеке би ауданында су тасқыны салдарынан «Щербаковское» бөгеті бұзылды. Су басу қаупіне байланысты ауданның жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарымен Темірбек Жүргенов ауылының тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды.
Барлығы 178 жеке тұрғын үйден 927 адам (оның 215-і – бала) эвакуацияланып, 78 тұрғын үйді су басып, 10 үй қирады. Бөгеттің бұзылуынан Ырғыз өзені арнасынан асып кетті.
Электр және газбен жабдықтау желілерінің зақымдануынан Темірбек Жүргенов ауылы жарықсыз, сусыз және газсыз қалды.
Айта кетсек, «Щербаковское» бөгеті – «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы» ММ-нің балансына тиесілі. 2023 жылы мемлекеттік сатып алу шарты негізінде «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ (тапсырыс беруші) мен «СК Гранд каналы» ӨК (мердігер) арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, бөгетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Алайда су тасқынының салдары тапсырыс беруші мен мердігердің тапсырған нысаны өзінің негізгі қызметін атқармай, тұрғындардың құқығы мен заңды мүддесіне, сонымен қатар, Темірбек Жүргенов ауылының ұйымдарына орасан зиян келтірді.
Болған мән-жайларды ескере отырып, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабы 1-бөлігімен («Салғырттық») қылмыстық істі СДТТБТ-ға тіркеу туралы шешім қабылдады, – делінген хабарламада.
Қазір тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастыру үшін қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.