Боксшы Владислава Кухта Мажарстанның азаматтығын алды
Бір жағынан қуанып отырмын, екінші жағынан Қазақстанды қимайды екенмін, - деді ол
Бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Владислава Кухта Мажарстанның азаматтығын алды.
Ол Қазақстан азаматтығынан бас тартты. Енді спортшы ресми түрде Мажарстанның атынан халықаралық турнирлер мен жарыстарға қатыса алады.
Маған сеніп, арманыма жетуге мүмкіндік беріп жатқан Мажарстанның Үкіметі мен менің Halker-Kiraly Team клубыма алғыс айтамын. Әрбір спортшының арманы, мақсаты бар. Мен Олимпиадаға қатысуды армандап жүрмін. Бұл – бұрыннан бергі арманым. Мажарстанның азаматтығын алғаннан кейін екіұдай сезімде болып тұрмын. Бір жағынан қуанып отырмын, екінші жағынан Қазақстанды қимайды екенмін. Қазақстан маған бәрін берді. Сондықтан ол мен үшін Отаным болып қалады, – деді боксшы.
Сонымен бірге ол болашағына қатысты ойын айтып, алдағы уақытта бәрі де өзіне ғана байланысты болатынын жасырмады.
Владислава Кухта – Қостанай облысы Қарасу ауданының тумасы. Ол 60 келіге дейінгі салмақта қолғап түйістіріп жүр. 2020 жылы шетелдің бокс мамандары Владислава Кухта мен оның жеке жаттықтырушысы Ақзам Барлыбаевты Мажарстанның ұлттық құрама командасына шақырған болатын. Алайда олар ұсыныстан бас тартты. Мажарстанның мамандары былтыр екінші рет ұсыныс айтқанда, боксшы мен оның жаттықтырушысы келісімін берді.
Былтыр Кухта алғаш рет Мажарстанның чемпионатына қатысып, 3 жекпе-жекте қарсыластарын ойсырата жеңіп, алтын жүлдені иеленді.