Елордалық ҚХА су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 3 Газель гуманитарлық көмек жіберді
Акцияға елорда тұрғындары, ҚХА жастар қанатының еріктілері мен меценаттар қатысты
Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің базасында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинау бойынша әлеуметтік акция ұйымдастырды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Гуманитарлық көмек Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарына жеткізіледі. Зардап шеккендерге киім-кешек, азық-түлік, жеке күтім, төсек-орын, ыдыс-аяқ және дәрі-дәрмектер жиналды.
Хасан Шариповтың төрағалығымен құрылған қалалық штаб гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын үйлестіреді және тауарларды қабылдау мен түсіруге көмек көрсетеді.
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтардың атынан су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеміз. Өңірлерде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін біз гуманитарлық көмек жинадық, - деп атап өтті қалалық штаб төрағасы және ҚХА мүшесі Хасан Шарипов.
Акцияға елорда тұрғындары, ҚХА жастар қанатының еріктілері мен меценаттар қатысты. Сондай-ақ азық-түлік жеткізген «Астана» балалар футбол клубының мүшелері көмекке маңызды үлес қосты.
Қазір қала Ассамблеясының мүшелері мен еріктілер су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы сомасы 5 млн 200 теңгеге көмек көрсетті.
Еске сала кетсек, Астанада гуманитарлық көмек қабылдаудың 9 пункті ұйымдастырылып, жиыны 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысып жатыр. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптауға және жөнелтуге көмек көрсетеді.
Айта кету керек, еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, апара алады.