Ол кенеттен өзін жайсыз сезінген
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы күресуге жіберілген 46 жастағы түркістандық құтқарушы көз жұмды, деп хабарлады облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобы.
Азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуірде Түркістан облысынан жіберілген. Осы күні кешке ол ауырып, Тайынша аудандық ауруханасына жеткізілген. Сол жерден оны санитарлық авиация бортымен Петропавлдағы ауруханаға жеткізу жоспарланған. Алайда 2 сәуірге қараған түні 1978 жылы туған Бекжан Балданов жансақтау бөлімінде көз жұмды. Дәрігерлер оның өліміне миокард инфаркты себеп болғанын айтты.
Ол Түркістан облысы ТЖД Сайрам ауданының №6 өрт сөндіру бөлімін басқарған.
ТЖМ, ТЖД және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі құтқарушының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғырып, көңіл айтады.