Шетелдіктерге шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескен қылмыстық топ ұсталды
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері көші-қон заңнамасын өрескел бұзған шетелдіктерге көмек көрсетумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жедел уәкілдер заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен 9 күдіктіні ұстады. Оның екеуі – әйел, жетеуі – ер адам. Олардың бірі Өзбекстан азаматы болса, қалғандары – жергілікті тұрғындар.
Сондай-ақ полицияға Өзбекстанның 6 азаматы жеткізілді. Полицейлер тінту іс-шараларын жүргізіп, құжаттар мен 6 шетелдік паспорт, «Сайга» аңшы мылтығын патрондарымен, есірткі заты бар 2 орама, 16 телефон, жарты миллион теңгеге жуық қаражат, 250 мың өзбек ақшасы және өзге де заттай дәлелдемелерді тауып, тәркіледі.
Қазір заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Болған оқиғаның барлық жағдайы анықталады.