×

Белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов өмірден өтті

Қоғам қайраткері 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы болып мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған

 Дастан Жұмабекұлы 04.04.2024 | 11:35
Фото: 24.kz

4 сәуірге қараған түні белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов 81 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ғаділбек Шалахметов 1943 жылы 9 маусымда Астрахань облысы, Камызяк ауданының Чистая Банка аралында дүниеге келген.

1961-1966 жылдары Қазақ политехникалык институты металлургия факультетінің студенті болған. 1974-1976 жылдары Мәскеуде Сценарист пен режиссер мамандығы бойынша жоғары курстарын оқыған.

Еңбек жолын Қазакстан ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында жұмысшы, аппаратшы болудан бастады. Институтты тамамдағаннан кейін ӨКМК-інде балқытушы болып жұмыс істеді.

1967 жылдан 1974 жылға дейін Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы болды.

1975 жылы КСРО Мемлекеттік киносына қарасты сценарий жазушылар мен режиссерларға арналған Жоғары курстарын бітірген. Инженер-металлург, кинодраматург, «Элита» Элем халықтары академиясының академигі, Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының академигі, Халықаралық теледидар және радио академиясының академигі болды.

Қазақ КСР Мемлекеттік телерадио бөлімінің меңгерушісі, 1982 жылға дейін Қазақ теледидарының насихаттаушы бас редакторы, комментаторы, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

1982 жылдан 1983 жылға дейін Қазақ КСР Мемлекеттік киносының бас редакторы, 1983 жылдан 1986 жылға дейін ҚКСР Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

1986 жылдан 1990 жылға дейін Қазақ КСР Теледидар және радиотаралым жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

1991-1992 жылдары Қазақ КСР Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің бірінші орынбасары – Қазақ мемлекеттік телерадиохабар тарату компаниясының төрағасы, Қазақ КСР Президентінің баспасөз хатшысы, ҚР Баспа ісі және жаппай ақпарат тарату министрінің бірінші орынбасары болып еңбек етті.

1992 жылы Президент баспасөз қызметінің жетекшісі кызметін атқарды.

Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалаушы. 1993 жылдың қаңтарынан 2002 жылдың мамырына дейін «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының президенті болды.

1996 жылдан бастап Әлем халықтары Бүкіләлемдік клубының академигі, 2002 жылдың мамырынан казанына дейін «Мир» МАТРК вице-президенті қызметін атқарды.

2000 жылдан бастап Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі, 2002-2004 жылдары«Қазинформ» қазақ ақпараттық агенттігінің президенті, 2004-2007 жылдары Мәжіліс депутаты, 2007-2009 жылдары «Самұрық» АҚ президентінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.

2009 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті.

Ғаділбек Мінәжұлы – 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, 2001 жылдан бастап Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының (РЖҒА) академигі (РАЕН).

Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама