×

Қайтарылған жерлерге арналған конкурстардың шарттары қайта қаралады

2022-2024 жылдары мемлекет меншігіне 10,4 млн гектар жер қайтарылған

 Дастан Жұмабекұлы 04.04.2024 | 11:05
Фото: kostanaytany.kz

Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.

Отырыста қайтарылған жерлерді бөлуге арналған конкурс шарттарын қайта қарау мәселесі қаралды. Онда Үкімет басшысының орынбасары әлеуетті меншік иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымдардың тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау және жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыру бойынша басқа да қарсы міндеттемелер қолданыстағы конкурстардағы талаптарды күшейтуді айтып, тиісті тапсырма берді.  

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 391,2 мың гектар, ал 2022-2024 жылдары барлығы 10,4 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3,7 млн га жері (жалпы мақсаттағы мал жаюға – 1,72 млн га, конкурстық негізде бөліп пайдалануға – 1,69 млн га) жергілікті халыққа қайта бөлінді.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы жерлерінің 4,4 млн га немесе 2022 жылдан бастап ел бойынша қайтарылған барлық жердің 44%-ы бұрын 204 ірі кәсіпкерлік субъектісінің қолында болған, – деп хабарлады Мұрат Теміржанов.

Жайылым тапшылығын азайту үшін әкімдіктерге, жалпы пайдалануға, мал жаю үшін 562,1 мың га жайылымдық жер бекітіліп, 65,1 мың га жайылым жер пайдалануға конкурстық негізде берілген, 746,6 мың га резервке қойылған. Елдi мекендер шегiне 97,3 мың га жайылымдық жер енгiзiлдi.

Бүгінде біздің негізгі міндетіміз – жерді қайтару ғана емес, тиімді пайдалану және жер пайдаланушыларды бақылау. Алынған жерлерді пайдалану мен жақсарту үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Байқау шарттарын бизнес-қоғамдастықпен, әкімдіктермен және басқа да мүдделі қатысушылармен талқылаған жөн. Топырақты, өсімдік құрамын сақтау, заманауи технологияларды пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер қою керек. Ол үшін жерді бөлудің жаңа ережелері мен принциптерін әзірлеу қажет, – деді Серік Жұманғарин.

Пилоттық режимде Мемлекеттік жер кадастрының және техникалық зерттеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысы жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін 5 жыл сайын учаскені зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама