Қазақстан мен Моңғолия сот саласында ынтымақтастықты нығайтпақ

Дәурен Ерболат

Елімізде сотқа сенім деңгейі - 61%

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Қазақстан мен Моңғолия Жоғарғы соттарының төрағалары Асламбек Мерғалиев пен Ганзориг Дамдин сот саласында ынтымақтастықты нығайту мәселесін тақылады, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Моңғол бастамасымен өткен онлайн кездесуге Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, Жоғарғы сот қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы және Моңғолия судьялардың біліктілігін арттыру институтының директоры Чагдаа Хосбаяр және Эрденечимег Дашпунцаг қатысты.

Асламбек Мерғалиев Қазақстанның сот жүйесі мен сот ісін жүргізу, сот корпусының тәуелсіздігі мен кадрлық әлеуетін нығайту бойынша қабылданған заңнамалық шаралар, әкімшілік әділетті дамыту, 2,5 жыл ішінде қазақстандықтардың 63%-ы және инвесторлардың 76%-ы мемлекеттік органдармен дауларда ұтатыны туралы айтты.

Халықаралық рейтингтерде көрсетілген цифрландырудың жоғары деңгейі, медиация, сондай-ақ соттарды біріктіру, экстерриториялық соттылық, жасанды интеллект элементтері бар IT-жүйелерін және роботтандыру жөніндегі жобалар атап өтілді.

Сондай-ақ Асламбек Мерғалиев Қазақстанның Жоғарғы сотының сотқа сенім деңгейін арттыруға бағытталған жобаларына тоқталып, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биыл ол 61% болғанын атап өтті.

Ганзориг Дамдин екі елдің сот жүйесінің әріптестігіне серпінді ынтымақтастық сипатын беруге ниетін білдірді. Ол соттарды цифрландыру саласындағы және оны нормативтік регламенттеудегі қазақстандық тәжірибені, онлайн сот ісін жүргізу процесі, жасанды интеллектті пайдалану жобасына және тағы басқа зерттеуге қызығушылық танытты.

Сонымен қатар соттардың тәуелсіздігін нығайту шараларына, оқыту іс-шараларына, сот қауымдастықтарының халықаралық бірлестіктерімен өзара іс-қимылға қызығушылық танытатыны атап өтілді.

Кездесу соңында қос тарап сот төрелігі мен сот әкімшілігінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екеніне сенім білдірді.