Трансфер жолаушыларды 15 минут ішінде күтеді
«Жолаушылар тасымалы» АҚ интермодальдық тасымалдау сервисін жақсарту мақсатында 4 сәуірден бастап тағы екі жолаушылар пойызында трансферді іске қосады, деп хабаралады Halyq Uni тілшісі.
ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, енді №71 «Шымкент-Астана» және №7508 «Көкшетау-Астана» бағытарының жолаушылары елорданың теміржол вокзалынан үйге дейін жайлы трансфермен жете алады.
«Нұрлы жол» вокзалының №1 келу залында пойыз толық тоқтағаннан кейін трансфер жолаушыларды 15 минут ішінде күтеді. Содан соң салонның толуына қарамастан жолға шығады. Автобус жолағын пайдалануға рұқсат етілген трансфер жолаушыларды діттеген мекенжайға дейін тез жеткізеді.
Қызметтің құны жолаушылардың барлық санаттарына қолжетімді болу үшін 850 теңге болып белгіленген.
Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтылады. «Перроннан үйге дейін» қызметі іске қосылған сәттен бастап оны 6 мыңнан астам жолаушы пайдаланған. Бұл көрсеткіш қызметтің жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие болғанын растайды. Бүгін біз бұл қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны тағы да екі бағытта іске қостық, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов.
Бұған дейін бұл қызмет тек №3 «Алматы-Астана», №67 «Өскемен-Астана» және №85 «Шымкент-Астана» жолаушылар пойыздарында қолжетімді болған.
Трансферге тапсырыс беру үшін азаматтар жолаушылар вагондарында көрсетілген QR кодын сканерлеп, өзіне қажетті мекенжайды көрсетіп, қызметке ақы төлеуі керек. Сонымен қатар, жолаушылар вокзалдан үйге дейін трансферге https://uvu.kz/ktz веб-сайт арқылы өздігінен тапсырыс бере алады.