Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Қырғызстан авиация саласындағы іздестіру-құтқару операцияларын бірлесе жүргізеді

Екіжақты келісім ратификациялауға ұсынылды

 Динара Амантай 03.04.2024 | 16:55
Қазақстан мен Қырғызстан авиация саласындағы іздестіру-құтқару операцияларын бірлесе жүргізеді
Фото: @mchs.kazaviaspas

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы авиациялық құтқару саласындағы келісім ратификациялауға ұсынылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған құжат шекара маңындағы аймақтардағы құтқару операциялары кезінде авиациялық құтқару қызметтері ынтымақтастығының негіздері, ережелері мен өкілеттіктерін қамтиды.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сенаттың пленарлық отырысында Қазақстан үкіметі мен Қырғызстан министрлер кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын ұсынды.

Депутаттарды құжаттың мазмұнымен таныстыра отырып, вице-министр оның мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Талғат Ластаевтың айтуынша, авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасу үшін халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияның талабы негіз болады.

Келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес, апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған.

Келісімнің міндеттеріне әуе кемелерінің апатқа ұшыраған жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін өзара ынтымақтастықты нығайту, авиациялық оқиғалар туралы хабарлау, жолаушыларды іздеу және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау, іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ақпарат және тәжірибе алмасу міндеттері кіреді.

Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру және құтқару аудандарының шекарасын, келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдарды айқындайды. Сондай-ақ іздестіру операциялары кезінде өзара көмек көрсету құқығын көздейді.

Келісімді ратификациялау заңды немесе әлеуметтік тұрғыда теріс әсерін тигізбейді деп күтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама