Халықаралық жағдай шиеленісіп тұр
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ауғанстан аумағы халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауы үшін бұл елдегі ахуалға ерекше назар аударған жөн. Қазақстан президенті аталған елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыру маңызды деп санайды.
Таяу Шығыстағы қақтығыс та қауіпсіздікке нұқсан келтіретін елеулі факторға айналып отыр. Оның қайғылы салдары бейбіт халыққа ауыр тиді. Аймақтағы тұрақтылыққа орасан зор зиян келді. Қақтығыс одан әрі ушығып кетпеуі үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жалпы, халықаралық жағдай шиеленісіп тұр деп айтуға болады. Дүниежүзі халқының тең жартысының атынан әрекет ететін біздің ұйымның қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенімдімін, – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ашық саяси-дипломатиялық диалогты, өзінің жаһандық және өңірлік серіктестерімен конструктивті қарым-қатынас жасауды қолдайтынын мәлімдеді.
Біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатын ұстанамыз. Ол өзара түсіністік пен сенім шараларына негізделген. Мұндай тәсіл ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттің негізі болуға тиіс. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық.
Қазақстан тарапы осы аса маңызды құжаттың жобасын талқылау барысында аталған мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарауға дайын», – деді президент.