Президент Өмірбек Байгелдінің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы жеделхат жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдіұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, Отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр иесі өзінің нағыз парасатты тұлғаға тән қадір-қасиетімен барша жұрттың сый-құрметіне бөленді. Соңына жарқын із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Өмірбек Байгелді 1939 жылы Жамбыл облысының Қызыл-Октябрь ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Қызыл-Октябрь колхозында жұмысшы болып бастаған.
90-жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан президентінің кеңесшісі болды.
Парламент Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдағы депутаты болды. Сенатта табан аудармай 16 жылдан астам уақыт қызмет атқарды.