Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауды тапсырды
Қазір Қазақстанда 20 моноқала бар
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров моноқалаларды дамытудың тәсілдері туралы баяндады, , деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Нұрлан Байбазаров атап өткендей, қазір Қазақстанда 20 моноқала бар. 1,4 млн адам тұратын қалаларда 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Моноқалалардың өнеркәсіптік өндірісінің үлесі еліміздің жалпы көлемінің 40%-ын құрайды.
Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі:
- Орташа қамтамасыз ету – 88,8%.
- Су құбыры желілерінің тозуы – 55,8%, кәріз желілерінің тозуы – 66,5%, жылу желілерінің тозуы – 54,4%.
- Әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын салу әрі жөндеуге деген қажеттілік бар.
2023-2027 жылдарға арналған Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың кешенді жоспарлары бекітілді.
Соңғы 5 жылда моноқалалардағы ШОБ субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары:
- 2019-2023 жылдары «Бәйтере» ҰБХ» АҚ 260,7 млрд теңгеге 29 ірі жобаны қаржыландырды;
- 30 млрд теңгеге 3,9 мың шағын несие, 33,5 млрд теңгеге несиелер бойынша кепілдіктер ұсынылды;
- 122,5 млрд теңгеге 1,4 мың жоба субсидияланды;
- 428 млн теңгеге 107 грант берілді.
Биылға моноқалаларды дамытуды 62,8 млрд теңге (РБ – 31,2 млрд теңге, ЖБ – 28,4 млрд теңге) көлемінде қаржыландыру жоспарланған.
Моноқалаларды одан әрі дамыту бойынша шаралар:
- Инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ моноқалаларда ШОБ қолдау бағдарламаларын қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту;
- Оффтейк-келісімшарттар жасасу жүйесін масштабтау;
- Техногендік-минералды түзілімдерді қайта өңдеу;
- Моноқалдардың бос тұрған нысандарында шағын өнеркәсіп аймақтарын құру;
- «Зәкірлік» жобаларды іске асыру;
- Моноқалалардың айналасында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу.
Моноқалаларға бұл тәсілдің тиімді екеніне Саран қаласы үлгі.
Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр кәсіпкерлік әлеуетті арттыру бойынша қабылданған шаралар қаланың дамуына жаңа серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына оң әсер еткенін атап өтті.