Ол ауылдан 100 метр жердегі еріген қар суы жиналған жерде ойнап жүрген
Ақтөбе облысында 4-сынып оқушысы суға батып кетті. Ол ауылдан 100 метр жердегі еріген қар суы жиналған жерде ойнап жүрген, деп хабарлады nur.kz.
Қайғылы оқиға бүгін Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылында болды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауылдан 100 метр жердегі еріген қар суы жиналған орында 3-4 бала ойнап жүрген.
«2014 жылы дүниеге келген бала. Белқопа ауылының жанынан ағып жатқан еріген қар суына түсіп қайтыс болды. Қазіргі уақытта денесі судан шығарылды. Полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», – деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Облыстық ТЖД мәліметінше, баланың денесі куәгерлердің күшімен шығарылған. Аудан әкімдігі көктемгі су тасқыны кезінде балаларға абай болу керегін ескертеді. Өзен-көл жағаларына жақын орналасқан елдімекендерде ата-аналардан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрайды