×

Биыл көктем мен жазда ауа райы қандай болады?

Жаздың басында күн әдеттегіден ыстық болады

 Дәурен Ерболат 02.04.2024 | 17:30
Фото: otkryvai.kz

Синоптиктер биыл көктем мен жазда ауа райының қандай болатынына қатысты болжамын жариялады, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК:

2024 жылғы сәуір және мамырда Қазақстанның басым бөлігінде ауаның орташа температурасы бір айдағы нормадан 1 градусқа жоғары болады.

Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері сәуірде нормадан көп болады. Солтүстік-шығыста, орталықта және оңтүстік облыстарының солтүстігінде норма шамасында, мамырда жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады деген болжам бар.

Көктемгі ауа райында «тосын сый» болуы мүмкін. Себебі бұл кезде синоптикалық процестер өте құбылмалы болады.

Каспийдің оңтүстігінен және Ресейдің еуропалық аумағынан келетін циклондардың әсерінен жауын-шашын түседі: түнде жаңбыр мен қар жауып, күндіз жаңбыр жауады, ал оңтүстік аймақтарда суық ауа массаларының енуінен үсік болуы мүмкін.

Маусым айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан плюс 1-2 жоғары болады, яғни әдеттегіден ыстық, батыста норма шамасында болады. Шілде, тамыз айларында Қазақстанда ауаның орташа айлық температурасы норма шамасында, тек тамызда еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан +1 градус жоғары болады.

Алдын ала болжам бойынша, маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшерден аз болса, шілде және тамыз айларында еліміздің көптеген облысында жауын-шашын мөлшері норма шамасында және нормадан көп, шілде айында оңтүстік-батыста және оңтүстік жартысында, ал тамызда орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нормадан аз болады деп болжанады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама