×

Қазақстандықтардың 2 млн-нан аса жеке дерегін таратқан zaimer.kz айыппұл арқалады

Министрлікке азаматтардан 5 200-ден астам өтініш түскен

 Динара Амантай 02.04.2024 | 16:00
Фото: Halyq Uni

Қазақстандықтардың 2 млн-нан аса жеке дерегін таратқан zaimer.kz ұйымы айыппұл арқалады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ zaimer.kz («Robokesh.kz МҚҰ» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке дерегінің таралуын анықтаған болатын.

ЦДИАӨМ баспасөз қызметінің мәліметінше, МТҚ Қазақстан азаматтарының арасынан «Robokesh.kz МҚҰ» ЖШС клиенттерін анықтай отырып, таралған деректерге талдау жүргізген.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Egov Mobile мобильді қосымшасы арқылы азаматтарға, сондай-ақ Egov порталының жеке кабинетіне қылмыскерлердің жеке деректеріне қол жеткізудің ықтимал теріс салдарын болдырмау үшін тиісті хабарламалар мен ұсыныстар жіберді. Хабарландыру жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Өйткені азаматтарды дербес деректердің сыртқа шығуы туралы хабардар ету құзыреті 2023 жылғы 11 желтоқсанда белгіленді және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі, – делінген хабарламада.

Бүгінде аталған фактіге қатысты министрлікке азаматтардан 5 200-ден астам өтініш түскен.

Министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, «Robokesh.kz МҚҰ» ЖШС-не Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, «Robokash.kz МҚҰ» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000 АЕК мөлшерінде, жеңілдетілген тәртіпте, «Robokash.kz МҚҰ» ЖШС-не әкімшілік айыппұл салынды. ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының төртінші бөлігіне сәйкес 500 АЕК (1 846 000 теңге) көлемінде айыппұл төленді, – делінген министрлік хабарламасында..

Сондай-ақ ведомство өкілдері азаматтар ҚР Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес дербес деректердің таралуынан келтірілген материалдық немесе моральдық зиянды өтеу туралы мәселені қарау үшін азаматтық сотқа жүгінуге құқылы екендігін жеткізді.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтардың деректерін таратқаны үшін «Қазақтелеком», Air Astana қызметкерлерінің жауапқа тартылғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама