Елімізде 15 мың жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істеп жатыр
Дене шынықтыру және спорт сабақтарын 67 755 штаттық қызметкер өткізіп жүр
Туризм және спорт министрлігі елімізде жұмыс істеп жатқан дене шынықтыру қызметкері мен жаттықтырушы-оқытушылардың санын жариялады.
Ведомствоның хабарлауынша, дене шынықтыру және спорт сабақтарын 67 755 штаттық қызметкер өткізеді. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда, 1 433 адамға көп.
Ауылдық жерлерде 31 329 дене шынықтыру қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 29 796 адам тіркелген.
Бұған дейінгі есепті кезеңдегі деректерге сәйкес, кей өңірде штаттық қызметкерлердің көбейгені байқалады. Дене шынықтыру саласы штаттық қызметкерлерінің саны артуы бойынша Алматы (+595), Атырау (+222), Жетісу (+129) және Павлодар облыстары (+112) көш бастап келеді.
Еліміз бойынша 10 мыңнан аса жалпы білім беру ұйымдары бар. Онда 32 мыңнан астам дене шынықтыру саласының оқытушы-мұғалімдері еңбек етеді. Оның ішінде ауылды жерлерде 19 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, білім беру және спорт мекемелерінде спорт бағытын дамыту үшін 15 мыңнан аса жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Оның ішінде ауылда 5 мыңнан аса жаттықтырушы шәкірттерін тәрбиелеуге, оқытуға және шеберліктерін шыңдауға, функционалдық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған оқу-жаттығу жұмысын жүргізіп, спортшыларды жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады.
Сонымен қатар бұған дейінгі есепті кезеңмен салыстырғанда, жаттықтырушы-оқытушылардың саны 321 адамға артқан. 2023 жылы 13 өңірде оң динамика тіркелген. Атап айтқанда, ең үлкен өсім Алматы (+318), Атырау (+142) және Жетісу облыстарында (+122) байқалады.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазіргі қоғамда бұқаралық спортты дамыту – басты міндеттердің бірі. Дені сау ұлтты қалыптастыру үшін спорт инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлерін кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету арқылы спорттың қолжетімділігін арттыру қажет. Жоғары жетістіктер, спорттың барлық нәтижесі бұқаралық және балалар спортының дамуына тікелей байланысты. Министрлік дене шынықтыруды насихаттау, сондай-ақ спорттың қолжетімділігін арттыру бойынша үлкен жұмыс атқарып келеді. Жақын арада бұл жұмыс қарқынды түрде жалғасатын болады.